19.05.2022
  709


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Сұлтанбек Қожановқа

Сұлтекең қайран ағам, қайран Адам,
Аруағың елес берді айналадан.
Астыма қос ат мініп іздесем де,
Өзіңдей асыл ерлер қайда маған.
Кірмелер шұлғау етіп Құранымды,
Арақты, сайтандықты мұра қылды.
«Наурыздың не керегі бар?» дегенде,
Ширығып Сұлтан аға тұра білді –
Көтеріп алаш деген ұранымды.
Жас едің, бар еді əттең, көп керегің,
Қатыгез ғасырыма өкпеледім.
Жаламен халық жауы атанса да,
«Халқым аман болсын!» деп өткен Ерім!
Таусылмай тантықтардың мың жаласы,
Қалса да құрметтелмейə қырда басы.
Қоғамшыл қазақ ұлы болып өткен,
Қоңыр ат мінген халқымның бұл баласы.
Арнадық аруағыңа біз батаны,
Таралған шартарапқа ізгі атағы.
Өзіңді өлтіруге атылған оқ,
Менің де жүрегімді сыздатады.
Атағың, атың басты айға қадам,
Адамға ісің мəлім жай қараған.
Отызға жетпей жатып орда бұзып,
Қырықта қырға шыққан қайран ағам.
Ағайын, жақындатпа бойға уайым,
Жұлдыздың ортасына қонған Айың.
Аруағын Сұлтекеңнің тебіренткен,
Егемен Қазағымнан айналайын!
Уа, менің аңқау халқым, қайран Анам,
Іздеме пайғамбарды айдаладан.
Астыма қос ат мініп, іздесем де,
Ағалар Сұлтекеңдей қайда маған.
Кешір, Құдай, Сұлтекең – пайғамбарым,
Кеш оянып, дастархан жайғандарын.
Пейіште нұрың шалқысын!
Жатқан жерің жайлы болсын!
Ардақты нартұлғаға айналғаным!





Пікір жазу