19.05.2022
  127


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Соңғы аттаныс

Алтын күн тастөбеге барып тұрып,
Қарайды қара жерге жанып, күліп.
Тыныштық көздің құртын жегендей-ақ,
Аппақ қар қаратпайды қарықтырып.
Сұм соғыс, бір күн шайқас, бір күн егес,
Бірақ та мөлдіреген бұл күн елес,
Адамның жан-жүрегі мына сұлу
Табиғатты сүймеуі мүмкін емес.
Кəрі орман, партизанның кəрі анасы,
Балаңа ренішпен қарамашы!
Бауырыңа бас қосқан балғындар-ау,
Тып-тыныш орман ішін аралашы.
Бұл орман қандай сырды бүгіп жатыр!
Адамға сездірмейді күнін ғапыл!
Өкінішті, қайтерсің, соғыс – шындық,
Отан қорғау соғысы – жүріп жатыр.
Ұлы шайқас... біледі ел ол туралы,
Жарылыстар талайды өлтірді əні.
Теңіздің тереңінде не боп жатыр,
Бетінің тып-тыныш қой толқындары.
Орманның сусып түсіп жауған қары,
Ағаштың қайта көктеп сау қалғаны.
Ұрыстар жүріп жатыр... партизандар
Ұясында тыныштық бар болғаны.
Сақ ұстап қаруларын, тазаласып,
Мүлт кетіп, жүрмеу үшін жаза басып,
Солдаттар қату қабақ, сақадай сай,
Қояды кейде əзілмен қажаласып.
Жау – жұмбақ, ашылмаған қатпары əлі,
Барлайды еріктілер, сақтанады.
Күтіскен жүк машина келді міне,
Бүгін Зоя барлауға аттанады.
Зоя бүгін барлауға аттанады,
Сақтанады, сенімі – оққағары.
Машинаға мінген соң күлімсіреп,
Қарулас достарына пəк қарады.
Жылымықтың ессе де бір самалы,
(Орман суық қар-мұзын құрсанады).
Сұлу қыздың күлгені əдемі ғой,
Қанды майдан ішінде жүрсе-дағы.
Зоя, шіркін, жайнаған бір гүл еді,
Сойқан соғыс барлығын бүлдіреді.
Күлімсіреп кузовта Зоя отыр,
Соңғы мəрте күлгенін кім біледі?!
Зоя аттанды барлауға күлген қалпы,
Олар – жиырма, кеткен жоқ мүлдем жалқы.
Осылайша Зоясын аттандырды,
Партизандар – Зояның сүйген халқы.





Пікір жазу