19.05.2022
  126


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Екінші шегініс

Апырай, мазалайды ой көп мені,
Екіұдай мына сезім сөйлетпеді.
Зояның кім екенін айта алмапты
Сексенінші жылдардың бойжеткені...
Қиналып білмеуіне оның мүлдем,
Тек өзім кінəлідей көріндім мен.
Таңдандым замандасқа, санасына
Мода, видео, музыка қонып жүрген.
Айтатын киім түрін жатқа бəрі,
Ғасырдың шикібастар сақтанары!
Ал өмір, өмір – ғажап эпопея!
Ал Зоя – жазылмаған ақ парағы.
Екі ауыз əңгіме айтсаң, есінеген
Кейбіреу кекірейер несіменен?!
Білмейтін қан қадірін, нан қадірін
Бір ғана сол қыз болса кешірер ем?!
Бір қалмай дискотека, қанша кештен,
Шаруам не, дыр-думанға сонша əуеспен?
Жадыңнан мəңгі кетпес есімдер бар,
Шығарам десең-дағы қаншама естен.
Сұм соғыс тосқан дəйім алға қайғы,
Ажал да адамыңды талғамайды.
Өзіңнің асқарына Тарих-дана,
Кездейсоқ адамдарды таңдамайды.





Пікір жазу