19.05.2022
  128


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Зоя

Бейбіт күн, толды қыр мен бел гүлдерге,
Май айын құрметтейтін болдым мен де.
Жер бетін дірілдетіп соғыс өтті,
Қаншама тарих жатыр сол күндерде.
Ұрпақтар əл талай толғанатын,
Қозғадым қыздың аңыз болған атын.
Түн ішінде бір жарық сəуле көрдім,
Зоя Космодемьянская – сол болатын.
Бір сурет көрген едім бала шақта,
Сол мені жетелеген парасатқа.
Зояның суреті ол, жау қоршаған,
Дар жібі алқымынан алар шақта.
Бұл сурет қайғы-жұмбақ, жұмбақ-қайғы,
Қаншама қарасаң де тіл қатпайды.
Қадірін бейбіт күннің ұғындырып,
Алдымда дардың жібі бұлғақтайды.
Əрине, ұлы Ерлік – туады ардан!
Жас болып жүрегімді жуады арман.
... Адамзат көрмесе екен сол қайғыны,
Петрищево селосы куə болған.
Сөндіріп балғын мінез, от қылықты,
Жауыздар қарқылдасып көп тұрыпты.
Кең-байтақ менің ұлы Отанымда
Қасіретті ауылдар жеткілікті.
«Қаза тапты» дейтұғын хат алмаған,
«Өлді», деуге ауызы бата алмаған,
Аналар көп елімде төсегінде
Жалғыз ұлын сағынып жата алмаған.
Сурет болып ауылдасың, жерлесің де,
Ілінген аналардың бөлмесінде.
Адамдарға перзент боп көрінеді
Зоя Космодемьянская бейнесінде.
Ол басын күйттемеді, қорғанбады,
Жеңіспен жауды жою – ойға алғаны.
Жұмбақ боп қала берер мəңгілікке
Зояның ең ақырғы армандары.
Алдында көп еді əлі күлер таңы,
Өткен күн ойлай берсең мұңайтады.
Зояның абайсызда ерте үзілген
Арманын мен айтпасам, кім айтады?





Пікір жазу