19.05.2022
  157


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Ерболат папасын сағынып хат жазды

«Айтатын болсам анықты,
Көрінер саған күлкі боп!
Айыңнан əбден жалықтым,
Ауасы да жоқ, бұты жоқ!
Жолаушы космос кемесі,
Қаптап жүр Айдың бетінде,
Марсқа қарай неге осы
Болмайды міне кетуге?!
Сағындым, папа, өзіңді,
Марсқа қарй жалтаңдап!
Тауысып болды төзімді
Айдағы мына интернат!
Марста жүрген елдерді
Көрсетті теле хабардан.
Марстың қызғылт жерлері
Аз жылда қалай жаңарған?
Ракеталар аттанды,
Сіздерге қарай тағы ұшты!
Қып-қызыл планетамды –
Сүйемін, папа, Марсты!
Меркурий, Сатурнға да,
Юпитер, Шолпан тасына
Бармаймын, папа, бір ғана
Өзіңнің барам қасыңа!
Ракетамен ұшарлық,
Сайранға елдің бəрі ұста.
Демалысымды үш айлық
Өткізейінші Марста.
Жүрмесін мұны жан біліп,
Айтпай-ақ қойшы мамама!
Əйтпесе жүрер қалдырып
Айдағы зоофермада!
Мақұл ма, папа, мамам да (Күтетін шығар көз ілмей).
Айкезбе малшы болам ба?
Құрылысшы болам өзіңдей!
Хат жаза салсаң – жөн дер ем,
(Тие бермейді-ау қол да аса!)
Видиотелефонменен
Звондай салшы болмаса!
Қағазға хатты жаздым да,
Қалдырдым таза бір бетін –
Фломастерді алдым да
Марстың салдым суретін.
Ракетаны салдым тез,
Қонуда Марс бетіне.
Суретті салып, жаздым сөз
Бояулы қағаз шетіне:
«Əрқашан күн сөнбесін!
Аспаннан бұлт төнбесін!
Қасымда болсын мамам,
Болайын мен де аман!»





Пікір жазу