Атамекенім
Айтсам қазақ даласын,
Таңырқап бір қаласың.
Араласаң қаласын,
Талай қызық табасың.
Қиыр күндер кешегі
Қиын болған деседі...
Тарихымды ақтарсам,
Көңілім бір өседі.
Тау ма, құм ба керегі,
Гүлдер өрнек өреді.
Түрлі-түрлі шөбі бар,
Мөлдіреген көлі бар,
Қорғанышы – тауы бар
Шымылдығы бауы бар,
Етегінде бағылар
Есепсіз мал тағы бар.
Егіз тапқыш малдары,
Бақшасында бар бəрі.
Рауғашты, шиелі,
Бұлақтары киелі,
Қамқор халық иесі.
Маң-маң басқан түйесі.
Азаматы Даланың –
Айтайын ба адамын?!
Жаз жайлап, қыс қыстаған,
Қолға құрық ұстаған.
Қонақ күткен, əн салған,
Кең əлемге тамсанған.
Туған жерді сақтаған,
Өз мекенін мақтаған.
Көкпар тартып, тірескен,
Ас пен тойда күрескен,
Күмістей қыз өсірген,
Алтындай ұл өсірген.
Ақсақалы, анасы,
Үлкені де, баласы,
Құрмет етіп ізетпен,
Өз қатесін түзеткен.
Құдаларын сыйлаған,
Аз сөйлеп, көп тыңдаған,
Асыл сөзді жинаған.
Дана құсап жүретін,
Бала құсап күлетін
Қара көзді қызы бар,
Қарапайым ұлы бар,
Отау болып от жағып,
Ойнап-күлген көп халық,
Жамбы атып, бəйге алған,
Апта сайын той болған.
Қағанағы қарқ боп,
Сағанағыы сарқ боп,
Ішер айран, сүті бар,
Байлығы бар, құты бар!
Берекелі елденмін!
Мерекелі елденмін!
Жақындығын сұрасаң –
Бəрін тартқан бауырға.
Батырлығын сұрасаң –
Қарсы шапқан дауылға.
Ақындығын сұрасаң –
Сөзбен ұтып жауыңды,
Шешкен талай дауыңды
Елмен өскен ерім бар!
Ерін сүйген елім бар!
Елдің атын білмесең,
Жердің атын білмесең –
Даңқы артып ұлы іспен,
Бақытты өмір сүріскен –
Тың күш берер тыныспен,
Болашаққа кіріскен –
Ғарышкерлер жолығар
Байқоңырдай төрі бар,
Шалқып жатқан жері бар –
Қазақстан байтағым –
Отанымды айтамын!