Суретіңді көріп ғашық болдым да....
Суретіңді көріп ғашық болдым да,
Жүрек тартып, алып келді жол мұнда.
«Есі ауысқан есер тірлік» дер еді,
Егер басқа біреу болса-орнымда.
Жөнім-рас, мазақ етіп күл, мейлің,
Жүрек-айтты, басқа жаққа жүрмеймін.
Ертегіде іздеуші еді суретті,
Бұл өмірде ондай бар ма, білмеймін?!
Қиялымда өлең болып өрілдің,
Табысудың іздеп келдім жолын мың.
Шырмауықтар орап қалған жалғыз гүл,
Торға түскен аққу құсап көріндің.
Сенбейсің ғой, көрдім десем түсімде,
Іші-жылау, сырты-күлген пішінде.
Ойлап-ойлап, саған қарай жол тарттым,
Ел не десе, о дер, онда ісім не?!
О, алтыным, жалғыз түйір алтыным,
Алыстан-ақ жалыныңмен шарпыдың.
Көргенімде-көз қуанып тұр қазір,
Жеткенімше, өтпей қойды əр күнім?!
Жеттім, көрдім, орындалды тілегім,
Сен таңғалып, отырасың-білемін.
Мені емес, жүрегіңді тыңдашы,
Табысуды қалай ма екен жүрегің?!
Қайтып келмес, екі айналып өмір де,
Айтып келмес, ажал, ауру, өлім де.
Сөз-шешімін енді өзіңе қалдырдым,
Айырылысу мен табысулар жөнінде