18.05.2022
  112


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Қырық бесте ұшырап кеселіңе...

Қырық бесте ұшырап кеселіңе,
Уа, Аллаһым, тура келдім есебіңе.
Кеселді жібердің бе кейбіреуге,
Кесірленіп лақтырған кесегіме.
Арамдардың байғұсты қуырғанын,
Көре тұра мен бəлкім бұрылмадым.
Өрілді ғой көзімнен өрім тамшы,
Көрінді ғой көзіме шыбын жаным.
Бердің Аллам өлеңді несібе етіп,
Сөзбен жүрдім наданды кесіп өтіп.
Қайғым менің өлеңмен шығушы еді,
Қарынымды қойдың ғой тесік етіп.
Жүрегімде көп еді арман-жігер,
Шөлдемеген су қадірін қайдан білер.
Ла иллаһа илла Алла илла Аллаһу,
Өзің пана бола гөр,паруардігер.
Тілімнен май тамыздым десем де мен,
Артық сөйлеп шашты ма есемді өлең.
Лаулап жанған от едім қадірлі Алла,
Енді ошақпын жанбаған не сөнбеген.
Арманым көп, ей Алла, арманым көп,
Арманыма намысты жалғадым кеп.
Айыптасаң хүкіміңе ризамын,
Аяқасты үзім нан алмадың деп.
Өмір сырын жүрегім терең білер,
От шашайын аузымнан өлең жібер.
Əлі талай көресің менен жігер,
Он сегіз мың ғаламның əміршісі,
Айықтырып, қолтықтан демеп жібер.





Пікір жазу