Әкім-ә кім?
-Ə,кім ол?-сұрақ осы қаралатын,
Əкім сөзі-бөлініп жаралатын.
Ə, кім ол? Əлгі антұрған сұмырай ма?
Анасын-Жерін сатып, пара алатын.
Болады сөзді түрлі ойнатуға,
Əкімнің жүрегіне бойлатуға.
Салығын тартып алып, жымқырады,
Базарға шопан келсе қой сатуға.
Көрік те бар, бар жəне ақыл десең,
Қорлық көрген халқыңа жақында сен.
...Əкімияттың ашыңдар кеңселерін,
Қазақтан қашып жүрген əкім көрсең.
Базарға осы əкімдер келе ме екен?
Қайыршыға бес теңге бере ме екен?
Қаңғыған көп қазағын көре тұра,
Тірлігі, сөзі əкімнің неге бөтен?!
Жер-анау, бар құнары барады ұшып,
Су анау-мұраптар жүр талап ішіп.
Жарты нанға ақшасы жетпей жүрген,
Ақынмен көрдің бе, əкім, арақ ішіп?
Немене біздің елде мал өспей ме?
Су келіп, мақта шығып, тал өспей ме?
...Қартайып келе жатса бір күні əкім,
Алдынан сəлем бермес бала өспей ме?
Ə, кім?-деп сұрамай ма сонда бірі,
Кеппеген қолда қаны, қолда кірі.
Коммунист хатшылардың «қажы» болған,
Кімге керек шежірешіл молдалығы?!
Кезінде əкімге қол жайған аз ба?
Сол құртып, адал жолдан тайған аз ба?
Меккенің қайда екенін біліп алып,
Мың рет жығылса да жайнамазға.
Кебер ме нақақ төккен көздің жасы,
(Базар, қайыр-болып ед, сөздің басы).
Құдайың пара алғыш əкім емес,
Əркімнің өз жүрегі-өз қожасы!