18.05.2022
  128


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Шаңқобыз

Шаңқобызда қайғы, арман,
Шаңқобызда бір сыр бар.
Қос аққуға айналған,
Қоса өрілген жырсыңдар.
Көз алдымда көлбеңдеп,
Өмір болып тыұрсыңдар.
Өлеңдейін өрге өрлеп,
Өрімделіп тұрсыңдар.
Шал сипады жанарын,
Төмен қарап қысылып.
Он сегіздің сауабын,
Тоқсанында түсініп.
Шаңқобыз да домбыра,
Зарын айтса сен, сенбе.
Жүйелі саз орнына,
Жүрегімді берсем бе?!
Оймақ ерін, ақ саусақ,
Бір біріне жұқпады.
Келе жоқты аңсап,
Барды місе тұтпады.
Шаңқобызда қосылып,
Екі қыздың жұптары.
Өңірлерін асырып,
Белгіленді ұтпағы.
Енді бір күй тартылса,
Екі қыздың ұтқаны.
Еріндегі ысқырық,
Екі шекті жұтқаны.
Ер жігіттің намысы,
Жібермеді құптады.
Домбыраның дауысы
Шаңқобыз боп шыққаны!
Екі шебер сұлудың,
Қашып кетті құттары.
Алдарына құйылған.
Қымыздан да жұтпады.
Күй танабын қуырып,
Жігіт алды тұтқаны.
… Домбырада туылып,
“Шаңқобыз” боп шықты, əні!





Пікір жазу