18.05.2022
  143


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

«Балам, атам өлген» деме...

Жайнамазға жауған нұрда,
Ұлым, менің көзім бар.
Елге қылған сауабыңда,
Білсең, жарқын жүзім бар,
Арамдықтан алыс жүрсең,
Ұятыңда Өзім бар!
Балам, Атам, өлген деме,
Мен өзіңде жасаймын!
Кім артымнан дуа қылса,
Мен өзінде жасаймын!
Берген Батам, айтқан Сөзім,
Тілегімде жасаймын!
Ұмытпасаң, Балам, өзің,
Жүрегіңде жасаймын!
Пендесінен қорықпа балам,
Тек Құдайды білерсің.
Əр ісіңе бір Алладан,
Шафхат-мейір тілерсің.
Мынау жалған тіршілікте,
Өлімді ойлап жүрерсің!
Балам, Атам, өлген деме,
Мен өзіңде жасаймын!
Кім артымнан дуа қылса,
Мен өзінде жасаймын!
Қиын, қызық күндер келеді,
Мен өзіңде жасаймын!
Ділің, Тілің бір болса егер,
Мен сөзіңде жасаймын!
Перзент Адам артындағы,
Жанып қалған шырақ бір.
Шаңырағыңа əр күн жаны,
Мен боп келіп Аруақ тұр.
Сен ұмытпа! Ахыретте
Əр күнəңа сұрақ тұр!
Балам, Атам, өлген деме,
Мен өзіңде жасаймын!
Қайсы балам дуа қылса,
Мен өзінде жасаймын!
Атам жоқ деп күйме, ұлым,
Мен өзіңде жасаймын!
Жаннан артық сүйген ұлың,
Хəм қызыңда жасаймын!
Бос ұстама қамысты ұлым,
Қолды кесер-сөзім дəл.
Еш жіберме, намысты ұлым,
Тастан берік төзімді ал!
Көп босама, пəруана боп,
Шыр айналған өзім бар!
Балам, Атам, өлген деме,
Мен өзіңде жасаймын!
Кім артымнан дуа қылса,
Мен өзінде жасаймын!
Шал боп өзің көнергенде,
Арманыңда жасаймын,
Немерең мен шөбереңде,
Жан-жағыңда жасаймын!
Пешенеге тас тиген соң,
Ажал-кесе толады.
Қара жерге бас тиген соң,
Тəн топырақ болады.
Дүние шолақ, тағдыр сол-ақ,
Адам-өмір қонағы!
Балам, Атам, өлген деме,
Мен өзіңде жасаймын!
Атымды айтып дуа қылсаң,
Мен сөзіңде жасаймын!
Дүние-жалған сарайында,
Сағынғанда жасаймын
Бір Алланың панайында,
Кəлимаңда жасаймын!
Дүние деген-аққан дария!
Ақыр соңы-өлім бір.
Қара жерге бос келген бұл,
Бос қайтқан қос қолым дүр!
Бір Алланы һеш ұмытпа,
Діні Ислам жолың-гүл!
Балам, Атам, өлген деме,
Мен өзіңде жасаймын!
Кім артымнан дуа қылса,
Мен өзінде жасаймын!
Аман болсын, халқың, жаным,
Мен өзіңде жасаймын!
Халал наның, тапқан малың,
Дəм-тұзыңда жасаймын!





Пікір жазу