18.05.2022
  129


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Ел адамдарына...

Ағайын, қажығанда сіздерді ойлап,
Ішім оттай өртенер, жүрек қайнап.
Көктебеде көп құрдас еске түссе,
Бозарып отырамын көзім жайнап.
Əдейі арнап хат жаздым бауырларға,
Тілекті берші тəңір, а құдайлап!
Алысымен хат жібер ел жайынан,
Күтемін, төзіп, шыдап, сабыр айлап.
Бəріне де сəлем айт сұрағанға,
Шымқорғанды ел қылып құрағанға.
Менен сізге аманат, ей, жігіттер,
Жəрдеміңді аяма жылағанға!
Алланың тозақ оты, сыратында,
Сұраусыз қалмайды екен бір адам да!
Сабыр түбі-сары алтын, сарғаярмыз,
Бақ беремін депті ғой шыдағанда.
Жəрдемді тарыққаннан аямаңдар,
Өз халқың, өз ұлтыңды қанамаңдар.
Ұлтына қызмет еткен артық дейді,
Пəлені бір-біріңе жамамаңдар!
Астында көк аспанның халық боп жүр,
Адам Ата, Хауадан тарағандар!
Алланы хақ деп біліп, үмбеті боп,
Пайғамбарым жолына қарағандар!!!
Ауыз бірлік күшейтіп, елге пана,
Болыңдар бір Қазақтан жарағандар!





Пікір жазу