Тұлпардың өзі өлсе де....
Ағайын жоқ кезімде бере алмады,
Бар болып, бас көтердім, көре алмады.
Нақақтан жала жауып жіберді де,
Артымнан біреуі іздеп келе алмады.
Дос түгіл қашып кетті дұшпаным да,
Басымнан бақыт құсы ұшқанында.
Жаттан жəрдем көп тиді, себеп болып,
Жабылған тас түрмесі қысқанында.
Шымкенттің қағаз түсіп қаласына,
Тексерді істің анық қарасын да.
Істі қарап, бекітпей бос қалдырды,
Əбден көзі жеткен соң жаласына.
Үш реттен хат жаздым аман ба деп,
Алысымен хабар айт маған да деп.
Үкіметтен не жəрдем болар екен,
Тас түрмеден шығарып қалар ма деп.
Саламат аман-есен жүрміз тірі,
Қорқамын кетпей ме деп жүрек кірі.
Хат жазар ел жайынан бір адам жоқ,
Біткен бе, Шымқорғанның жігіттері?!
Тағдырдан ешкім əлі оза алған жоқ,
Алладан бұрын ешкім сөз алған жоқ.
Тұлпардың өзі өлсе де ізі қалар,
Бүгінше Мамыт атым жоғалған жоқ?