17.05.2022
  106


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Сапарға шығарымда қарасам...

Сапарға шығарымда қарасам-ақ,
Маңдайымнан сүйетін бала санап.
Мейірімі көл-дария меһрибаным
Ажалдан қала алмадым арашалап.
Бір аунап сөне берді мына жалған,
Түн болды жарық таңым нұры ағарған.
Асылым, ақ сүт беріп əлпештеген,
Мен сені қаға алмадым сұм ажалдан.
Ұқпадым тағдырымның амалдарын,
Бұзды ол төзімімнің қамалдарын!
Аузынан ажал деген айдаһардың,
Ақ құсым, сені алып қала алмадым.
Басталып жүре берді-ғұрпы мəлім,
Бір өмір қайғысы көп, бұлты қалың,
Ал аспан «Анаң жоқ!» деп күркірейді.
«Сенбеймін! Сенбеймін!» деп шырқырадым.





Пікір жазу