Мейірім
I
Балқұрақ көлдің жағасы,
Жағалай жатқан ел екен.
Жазығы жасыл, даласы,
Азығы шүйгін жер екен.
Майсалы жайлау малшыға,
Өлшеусіз байлық кені екен.
Ел: «бұдан асқан жер, сірə,
таппаспыз іздеп» дер екен.
II
Күн мен жел қаққан желкесін,
Көп киіз үйдің бірінде
Бір кемпір көктеп көрпесін,
Отырды қамсыз, іңірде.
Кенеттен тітіркеніпті,
Кіргендей бірден суыққа.
Жолбарыс еніп келіпті,
Шөгіпті табалдырыққа.
«Тəңірім, сақта, бəтір-ау,
Шаларың мен бе – құрбанға?
Не болды күнім, япыр-ау?!»
Деп, байғұс түсті шырмауға.
Бірақ, сəл басып жүрегін,
Бажайлап шолса «қонағын»
Жолбарыс сұрап бір емін,
Көтере берген аяғын.
Сойдиған шөгір бір қарыс,
Кетіпті кіріп табанға.
Шыдамай соған жолбарыс,
Келген-ау, сірə, адамға.
«Жолеке, жолым, жолым» деп,
Кемпір жай сипай бастапты.
Табаннан кеткен іріңдеп,
Шөгірді алып тастапты.
Жараның емі табылған,
Адамнан көріп қолқабыс.
Қараша үйден, ауылдан,
Кетіпті ұзап жолбарыс.
III
Арада жылдар өтіпті,
Алмасып суық, жылуы.
Заманның бірде жетіпті,
Жұты мен ашаршылығы.
Аштықтық басып əлегі,
Ауру да мойнын созыпты.
Аядай ауыл əдемі,
Əп-сəтте күлдей тозыпты.
Ұйқылы түннің шағында,
Бір дүбір өтті тоқталмай.
Жатты арқар үйдің жанында,
Лақтырылған көкпардай.
Шақырған даусын сондағы,
Кемпірдің ел-жұрт біліп кеп,
Ғайыптан түскен олжаны,
Бөлісіп алды жіліктеп.
Жалғасып осы тосын жай,
Жатыпты арқар əр күні,
Кім екен халық досындай,
Жарылқап жатқан жарлыны.
«Кім бізді сыйлап, аяды?»
Жұмбақты ақыр ел ұқты:
Еске алып кемпір баяғы,
Əңгімені айтып беріпті.
Сейілткен төнген қауіпті,
Қамқоршыны тез тауыпты.
Жолбарыс пенен анаға,
Алғысы елдің жауыпты.
Тойынып, жазға іліккен,
Жақсыға жорып ел мұны:
«Жүрегін аңның жібіткен,
Ананың, - депті, - мейірімі.
Алтындай таза көңілі,
Ананың алды – ұлы төр!
Жолбарыс түгел мейірімі
Қара тасты да жібітер».
IV
Тудырған талай дананы,
Ақылмен елді билейтін.
Əлемде күш жоқ ананың,
Алдында басты имейтін.
Аналар елді қорғаған,
Алмағайыптар шағында.
Ақ сүттен аттай алмаған,
Жасанып келген жауың да.
Аңыз ғой, рас, бұл өлең,
Адамға қалған сабағы:
Ананы қадірлемеген,
Аңнан да болар жабайы.