17.05.2022
  116


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Атбегі

Жақсы жанның көп тұрмасын білмес ел,
Білсе шіркін – сағат сайын тілдесер.
Ауыл-үйдің ардақтысы – атбегі,
Атбегіні айналдырды бір кесел.
Ауыл еді кекіліндей жылқының,
Адам еді көрмейтұғын бір тыным.
Тұяқсыз еді... жылқы бақса – жамайтын
Көңілінің көпке мəлім жыртығын.
Білгірлігі кезіп елдің арасын,
Іздегендей құрметтісін – ағасын.
Күндік жерден ат арытып келген ел,
Білуші еді мінгінінің бағасын.
2
Тұлпар тапса – қунақ болып баладай,
Жанушы еді екі көзі танадай.
«Айналайын, айналайын» деуші еді,
Айналаға таныстырып жағалай.
Қызғанса да – иесіне қарамай,
Ат кекілін саусағымен салалай.
- Ер қанаты екен, - дейтін – бұл нағыз
Қалың елді жапыратын қоғадай.
- Пəлі, шіркін, тұрмас көзді суырмай,
Ойнақтаған құлындай-ау, құлындай.
Көзін қара – ботақанның көзіндей,
Терін қара – əбілхаят суындай.
Тусаң ту-ақ! Тұлпар екен əй, керім!
Мынау тіпті алдын бермес бəйгінің.
Өзің бағып, өзің бапта, - деп қойып,
Ұзақ сипап жүретін-ді əр жерін.
Ер-тоқымын бауырына алып тулаған,
Атты көрсе:
- Ажал берер бұл маған!
Кебежедей қарнын қара, қарынын
Мен түсінсем, бұл жылқыдан тумаған.
Деп қалжындап бұратын да əзілге,
Кекесіннің шоғы жанып көзінде.
- Малқор сорлы-ау, мұның қалай? - деп күліп,
Мазақтайтын иесінің өзін де.
Жылда сойып жей бересің соғымды,
Сұрауы жоқ малын көп пе, соғұрлы.
Ат баққанның айыбы жоқ, жөніңмен,
Мінбейсің бе, жуас, шабан, шобырды.
Атың қиқар, өз мінезің – сəл оғаш,
Түзу жүрсең – асың бойға тарамас.
Зорға тауып мініпсің-ау, адамсың.
Жорға мінсең – жолдасыңа қарамас.
Ұтыр келсе тек жұрттыкін мінесің,
Ат міндім деп миығыңнан күлесің.
Мал тартады иесіне деген ғой,
Атыңды тек тойдыруды білесің.
Салпаң құлақ сезсін қайдан қиқуды,
Жеуді білер – жемнен қалған қиқымды.
Сенің атың тек ұйықтауды біледі,
Жəне өзің де қимайсың-ау ұйқыңды.
Сексеуілден қалған шоқтай қызарып,
Іші күйіп, жалағандай тұз анық.
Ат иесі қиналатын, көпшілік,
Басу айтып, тоқтататын сөз алып.
Деуші еді ел, атбегіні қаратып:
- Əңгімені айтыңызшы таратып.
Есек дəме, көпті көңіл, шүбəмен,
Бəріміз де жүрміз тұлпар жаратып.
Бір баптауы əлде артық, əлде кем,
Қасиеттен қылдай белгілі бар ма екен?
Тұрқы тұтас, түгел малдың түбі бір,
Қасиеті қай түгінде қалды екен?
Деп сұқпаткер сөз тастаса шалыңа,
Жаңа-жаңа келгендей боп бабына.
Сүйінетін талай елдің малына,
Үйіретін көпшілікті маңына.
3
Сөз қозғайтын қартың сақал салалап,
Қазақ айтқан, - халық сөзі ғаламат.
Əр түлікке өз бағасын беріпті,
Санап, түстеп, бағалап та аралап.
Қойың – байлық, көзін тіккен шартарап,
Сиыр – қатық, қаймақ толы май табақ.
Түйе – көшің, көш түзеген салтанат,
Жылқы – көлік, мерей, медет, ол – қанат.
Əр малыңа қонар бағың əр қилы,
Төлді сүйсең, сүйгенің ол халқыңды.
Əйтсе-дағы, жылқы малы, жарықтық,
Дүйім жұртқа ду еткізер даңқыңды.
Тұлпар көрсе өткізе алмай бал түнді,
Үйіп-төгіп күміс пенен алтынды.
Көзің құртын сорған сүлік, сүмбілге,
Сұлуды да қия салған айтулы.
Арман етіп, желісін де шабысын,
Топқа салып, байлық үшін, бақ үшін.
Саусағымен сипап шыққан бұл қазақ,
Арабысын, адай, түрікмен, жабысын.
Тілін тістеп шөліңе де төзетін,
Қиян жерді қыңқ етпестен кезетін.
Көмбіс, қыста қарды теуіп шөп жейтін,
Тастақ жолда ор қояндай безетін.
4
ЖОРҒА СЕРІК – лайықты ізетке,
Қыстау, жайлау, көші
-қонда, күзекте.
Ащы қамшы тиіп кетсе – намысшыл,
Ауыздықты ала қашар тыз етпе.
Жолаушысын қалдырмаған жолында,
Бапты бесік, - оңыңда да солыңда.
Иесінің ренішін сезетін,
Сенімді мал... «балта-шоты – қолында».
Шапқан сайын шымырлайтын, үдейтін,
Қолтық жібір – шаба-шаба бірер күн.
Жаратылыс құйып қойған – қасықтай,
Суретің де, табындырар құдіретің.
Адай, монғол, желгіштері орыстың,
Арабы аттар – таңдамайды жол үстін.
Əрқайсысы елге жаяр даңқыңды,
Əрқайсысы бір тəңірі жарыстың.
Жай желіспен жарты күндік жолды алар,
Жолды алмаса – жұлқи тартып, долданар.
Жотасына жалғыз бидай тастасаң,
Жетер жерге, жолға түспей, ол барар.
Жорға бірақ сирек туар, аз жасар,
Жақсы даңқы ерді шат қып айға асар.
Ардақталып, аңызға да айналар,
Деген сөз бар: ат тұяғын тай басар.
Нағыз тұлпар лайықты жүруге,
Шабандоздың, бəйгекердің тілінде.
Ат арыса – тулақ болар, амал жоқ,
Ер арыса – аруақ болар, түбінде.
Ер шаршаса – ердің орнын басыңдар,
Аттың даңқын алыс елге шашыңдар.
Шындағанда шаппай алар бəйгесін,
Шашасына шаң жұқтырмас асылдар.
Ашу – толқын, бір-біріңді басыңдар,
Айтар сезім: үленің бар, жасың бар.
Бес биенің сабасындай ісінбей,
Бір-біріңді сыйлап, құлақ асыңдар.
Түрлі тұлпар туа бітер заманда,
Ақыл айтпа, атты баққан адамға.
Ақсақалдың еш бетінен алмаңдар,
Беттен алар біреу туар саған да.
5
БƏЙГЕ ТҰЛПАР атын жайып халқына,
Күшке мінер, көзге түсер алтыда.
«Талдай салған талмай шабар» деген сөз,
Делебе сөз, тарап кеткен жалпыға.
Үлкен көкпар, бəйгелердің талайын,
Көрген, білген, қырғыз, қазақ ағайын.
Күрең, торы, жирен, сары, қасқалар,
Топты жарып жүлдені алған толайым.
Көктеміне дөнен шығар ерекше ат,
Шілдесінде азу жарар, бөлекше ақ.
Аяқтары мол келеді нағыздың,
Желпіп, қорып, жем-суын бер, бөлек сап.
Жемін көбейт, құр міне бер, ішін тарт,
Тоқ келеді, топқа мінер, пішінді ат.
Көкпар салсаң – сүйреп əкеп тастайды,
Бəйге қоссаң – сыр бермейді пышылдап.
Тойдырғанда қомағай қып, тоқ етпе,
Жеген жемі түгел тарап көк етке.
Түгі болсын – сылаң шайы секілді,
Төрт аяғы – ұқсап сүмбіл терекке.
Көбіне-көп көк шұнақ пен жирен де,
Бейқамдау ат, бап іздейді күй кейде.
Тарта берсең, - топқа кірер құлқы жоқ,
Топты бұзар ерік, тізгін тигенде.
Ақалтеке, жайнаң көзі арабтың,
Ақ боз орыс жал-құйрығын тараттың.
Зеректігі басым мал ғой бұл жылқы,
Қасиеті өзіне сай əр аттың.
6
КӨКПАР АТЫ – таңқалдырған талайды,
Қайсысы да қол, бапты көп қалайды.
Тілін білген адам ғана мініскер,
Тастай қатып, топқа кірген таралғы.
Шалымды адам маңдай терін сыпырар,
Сыпырған соң – ат, əдіспен құтылар.
Ауыздығын қарш-қарш шайнап ондай ат,
Қуат қайнап, көзі жайнап, құтырар.
Нағыз тұлпар найза тектес, ашқарақ,
Тура кірер тұрмас аңдып, баспалап.
Кемел сөз бар келе жатқан көнеден:
«Керуен бірге, ырыс, бағың басқарақ».
Көздің жасы алпыс тарам ақса да,
Қалдың қапы! Қайырылар жоқ шама!
Бақ шаппайды, бап шабады жəне де,
Бабы шапқан сəлем бермес патшаңа.
Екі тойың қабат болып сол шақта,
Екі дүниең абат болып сол шақта.
Атпен бірге ет жүрегің елжірер,
Екі көзің шып-шып толып моншаққа.
Деп атбегі хикаялы күй шертіп,
Əр сөзімен ел көңілін мың серпіп.
- Жылқы деген бапқа бітер жануар,
Баққа бітер, маңдайдағы білсең құт.
Ат – араздық, ағайынды тас еткен,
Ат – жоралғы дұшпаныңды дос еткен.
Мыңдап жылқы айдаған бай мəлімсіз,
Жалғыз аты жалшыны да паш еткен.
Əңгіме осы, айналайын туғандар,
Атың барда той-томалақ, думан бар.
Топтан озған тұлпарыңды қадірлеп,
Ел бастаған сұңқарыңды сыйлаңдар.
Деуші еді ел: сөз-ақ болды, сөз-ақ қой!
Даңғыл жолы – көнелердің ғажап қой.
Атқа мінген азамат қой, азамат,
Атқа мінген қазақ нағыз қазақ қой.
Ат, атбегі – əңгіме де, думан да,
Одан өзге, қызық жоқтай бұл маңда.
Тамсанысып тараушы еді қалың ел,
Үркер батып, таң Шолпаны туғанда.
7
Түсінде де тұлпарлармен тілдесер,
Адам жаны – ардағымен бір десе ел.
Өткір шоттай, оң қолдай-ақ адам ед,
Атбегіні айналдырды бір кесел.
Сол кеселден айықпады, тұрмады,
Қатал тағдыр қалған күнін ұрлады.
... Атбегі əлі ояу жатқан сияқты,
Дүбірлерге құлақ түріп қырдағы.
Атқан кезде алтын шуақ, ғажап таң,
Атбегіні тар лақаттан, азаптан.
Алып шығар, нығыз тұлпар туардай,
Нағыз тұлпар туатындай қазақтан!
Ердің үстін нағыз батыр мекендеп,
Нағыз тұлпар – нақ тұсынан өтер ме ед?!
... Үмітпенен дөң жаққа көп қараймын,
Атбегі шал тұрып кетер ме екен деп!





Пікір жазу