17.05.2022
  136


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Кілем

Қарасаң болды оған жай,
Қиялға кетер гүл енді.
Көз құртын жеген жағалай,
Көріп пе едің кілемді?
Бөрі бұлақ, қос тұмар,
Ирек, мүйіз, құсқанат.
Гүлбедерге қосылар,
Дария толқын тұспалап.
Қошақан мінез, ирелең,
Жалпайған түйе табан бар.
Оюмен, өлең-күйменен,
Өмірін жазған Адамдар!
Бұдырқай емес соншалық,
Буындас болып тұр бəрі.
Кілемші – ақын, мол шабыт
Жүрегін билеп, жырлады.
Қырмызы, торқа керексіз,
Торғынды жібек құбылмай.
Əдемі кілем – бөлек жүз,
Саф таза бұлақ суындай.
Жолақты баршын, жұн, жібек,
Атылас, мақпал, қамқасыз.
Батсайы бояу үлбіреп,
Шеберге алғыс айтасыз.
Əр жібі – зият алтыннан,
Əр түбі – асыл бір мектеп.
Айналайын, халқымнан,
Арманын салған өрнектеп!





Пікір жазу