17.05.2022
  136


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Дала

Бауыры сыз, сауыры мұзды Дала,
Талай рет көз жасын үзді Дала.
Есік болып ашылып дүниеге,
Бесік болып тербеген бізді Дала.
Бір тұщыдан бір ащы татқан Дала,
Сойыл тиіп, сор көріп жатқан Дала.
Ел ұрысыз болмайды, тау бөрісіз,
Қара қаны маңдайдан аққан Дала.
Қиындықты бабаммен көрген Дала,
«Ақ табан шұбырындыдан» келген Дала.
Ғасыр бойы қазынасын қымтап жүріп,
Еңбек сүйгіш ұрпаққа берген Дала.
Елін сүйген ерлерге ерген Дала,
Қызыл туға, Ленинге сенген Дала.
Бай- манаптың күлдерін көкке ұшырып,
Жүз сұрауға бір жауап берген Дала.
Көн етіктің ұлтаны қалған Дала,
Алақаннан ащы тер тамған Дала.
Алыс-алыс жұлдызды арман етіп,
Байқоңырда бағы енді жанған Дала.





Пікір жазу