17.05.2022
563
Ардагерлер
Өткен жыл, өтер айлар, өтер күндер,
Сендерге сыйланбайды бекер гүлдер.
Ақиқаттың сарайын тұрғыздыңдар,
Əділдіктің туларын көтердіңдер.
Білмедіңдер тынығып-шешінуді,
Көтердіңдер жетім қыз, жетім ұлды.
Егін егіп, мал бағып үйреттіңдер,
Жарақаттың іздерін кетіруді.
Ұқсап өсті сендерге ұландарың,
Ұлы көшке жалғасты ұрандарың.
Тым ертерек өздерің қартайғанмен
Жасарттыңдар, өлкені, қырандарым!
Қында жатқан қайраулы жарақсыңдар,
Басын иіп тұрғандай қарап шыңдар!
Ұрпақтарға əр ісін өнеге еткен
Ардагерлер, азайып барасыңдар!
Жылдар алыс: от ұшқан зеңбіректен,
Жайнап, күліп, сан мəрте келді көктем.
... Қолымызда Қызыл Ту алаулайды,
Құлап жатыр өздерің желбіреткен!