17.05.2022
  141


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Сәби даусы

Мазалады жүректі,
Толғандырды қаншама,
Сол бір сəби есейіп, үлкен жігіт болса да.
Соғыс жерде қалдырды ауыр жара, терең із,
Тəрік болған тағдырды кинолардан көреміз.
Жаздым өлең жеңістің қасиетін ұққалы –
Əкем айтқан мынау сыр тіпті есімнен шықпады.
... Жаралы орман жасырып үн шығармай бұйыққан,
Шайқастан соң солдаттар таң алдында тыныққан.
Бұзып тұрды жұлдызды, сонау түннің тымығын
Шашыраған алысқа ракета сынығы!
Əлден уақта шар етті бала даусы, япыр-ау,
Орман маңы деревня, содан шығып жатыр-ау,
Жігіттердің сескенбес жолбарыстай жүректі,
Мұздай толқын қуалап, өн бойлары дір етті.
Жаңа ғана жантайып, жаңа ғана қалғыған,
Арыстандай он жігіт ұшып тұрды орнынан.
Еске түсті көбінің елде қалған баласы,
Еске түсті көбінің елде болған анасы.
Жылап жатты жас бала, іздеп жатты қорғанын,
Дірілдетті бұл дауыс ежелгі орыс орманын.
- Мені жібер?
- Командир!
- Мені жібер балаға!
Жанашырсыз нəресте жата ала ма, далада?!
Ата-анасыз бейшара қалып кетсе керект-ті,
Мені жібер, командир, мен білейін деректі, -
Деді нықтап бір жігіт қорғасындай сомдалған,
Қырғауылға түсетін қаршығадай қомданған.
«Деревняда жау бар» деп алған едік хабарды,
Таң атқан соң жоямыз шабуылмен оларды.
Шабуылға шығармыз ашқанда əлем айнасын,
Боп жүрмесін нəресте-сұмдардың бір айласы».
Əлгі жігіт кетті алға, қадамы сақ, ізі нық,
Қалды отряд топтанған, көзде тұнып жүз үміт.
Елге деген жүректі мейірімдер шарпыған.
Тұрды түгел солдаттар қарап оның артынан.
Кетті жігіт көрінбей ағаштардан əріге,
Жас баланың даусына құлақ түрді бəрі де.
Жертөледен тек біреу кете барды жылыстап...
Əлгі жігіт сəбиге бара алмаса керек-ті,
Жылыстаған жымысқы хабарласа керек-ті.
Сəби жақтан естілген автоматтар дауысы,
Біртін-біртін келеді бері қарай ауысып.
Сезді мұны жігіттер, сезді мұның не екенін,
Біліп қойған жауыздар отрядтың мекенін.
Қатарласты жігіттер қашаннан-ақ ұғысқан,
Таңдайланып таң атып келе жатты шығыстан!
Бірі ұйқтамай, ал бірі тынықса да бір сағат,
Ешқайсысын тұрмады ездік бұлты тұмшалап!
Еңсегей ер жігіттер еніп кетті ұрысқа,
Қып-қызыл от алаулап көтерілді шығыста!
Əрқайсысы айбарлы арыстандай сыңайлы,
Қара түн мен аппақ таң алысқандай сыңайлы.
Ысылдаған ақтардан жылап қайың, боздап тал,
Қыршынынан қиылды талай-талай боздақтар.
Кек найзасы так алға емінгендей сыңайлы,
Жаудың алды жеңіліп, шегінгендей сыңайлы.
Намыс оты құйылды одан сайын бойларға.
Жау жеңілді, жеңілді, ұшырады ойранға...
Қара орман мұндайды көрмегендей сыңайлы,
Құшағына ап ерлерді тербегендей сыңайлы.
Жараланған жігітті абайсызда қапы қап...
Толас тапқан мезетте тауып алды отряд.
Қарап жүріп əр үйді, тапқан жігіт сəбиді,
Өліп жатқан қасында анасын да таниды.
Иісіне елтіп сəбидің, кегі тулап, тасынып,
Өліараны жамылып, отрядқа асығып,
Жетемін деп жүгірген, жетемін деп орманға,
Байқап қойып жауыздар нысанаға алғанда,
Жасырынар үміті орман болса керек-ті,
Ай тумаған қара түн қорған болса керек-ті.
Жараланып қалса да əзер-əзер тұрса да,
Жоғалтып қан қаншама жетіпті бір шыршаға,
Əлі құрып құлапты, бір бұтаға асылып,
Тербеліпті шыршалар жапырақпен жасырып.
Тастамапты қолынан, тастамапты баланы
Сөніп бара жатса да, соғын тартып жанары...
Көріп оны жанына жетіп келсе жігіттер,
Тірі екен жас жігіт. Енді айтқанын ұғып көр:
Алау күнді, ақ таңды жаңа көрген сияқты,
«Айтыңдаршы, «балақан тірі ме?» - деп сұрапты.
Табиғатты бұл кезде күміс көмей жыршы қып,
Қып-қызыл боп шығыстан сəуле төккен күн шығып!
Жанарынан жігіттің сөнген кезде тіршілік,
Құшағынан жас сəби қол созыпты құлшынып...
Осылайша сөнгенмен жүректегі тіршілік,
Тіршілікке өзіндей қадап кетті бір шыбық!
Қолын созған жас сəби Күнге биік орнаған,
Көзіне жас алмаған бір де солдат қалмаған.
Қабіріне бір жігіт соңғы сөзін арнаған:
«Құрдас еді ол маған, он жетіге толмаған»,
Сол қабірге бала да топырақты тастаған,
Көтерілген алау күн – көтерілген асқақ əн!
Жауынгерлер əні боп, жаудың бетін жасқаған,
Отрядты жас сəби жорықтарға бастаған!
Сол қабірге сен-дағы басыңды и, жас ұрпақ,
Жас жауынгер əр таңда қалмауы үшін тосырқап.
Асқақ басын ақ шалған əкелерден сұраңыз,
Əр солдаттың құтқарған сəбилері, мына – біз!
Мазалады жүректі, толғандырды қаншама,
Сол бір сəби есейіп, үлкен жігіт болса да.
Əкем айтқа осы сыр тіпті есімнен шықпады,
Жаздым өлең Жеңістің қасиетін ұққалы.





Пікір жазу