Отан
- Ата, Сізге сұрағым бар?
- Сұрай қойшы ұланым.
- Отан – туым, Отан – арым, Отан – асыл ұраным.
Деген асқақ, ұлы сөздің мағынасы – сұрарым.
- Балам, сенің өте дұрыс Отан жайлы сұрағың,
Мына біздер не көрмедік, не көрмедік, шырағым.
Қой соңында жүріп айттым жетімдіктің жыр-əнін,
Алты жаста əкемді іздеп, анамды іздеп жыладым.
Мен қаншама қиындыққа, қанша азапқа жолықтым,
Сонда əкемніңшаңырағықұлайды-ау, деп қорықтым.
Көрдім талай тауқыметті, көзден талай жас ақты,
Бірақ, жаным, өшірмедім əкем жаққан ошақты.
Жалғыз түйір нан іздедім, жанталастым қанша күн,
Балам сені, сен өмірге келмей жатып аңсадым.
Солай балам, артта қалды жетім күндер қапалы,
Шат дəуірге алып келді Коммунистер Отаны!
Мен сияқты талай жетім жылап-сықтап өтер ек,
Ленин атаң бостандыққа шықпағанда жетелеп.
Отан деген – от анасы деген сөз ғой расында,
Демек Отан өзің туған ошағыңның қасында.
Айналайын, əрқашанда аяғыңды анық бас!
Өз ошағын сатып кеткен Отанды да жарытпас.
Ленин атаң, туған жерің, ошағыңның барлығы –
Бөлінбейтін өз өмірің – Отаныңның тағдыры.
Сондықтан да, қан майданда шегінбестен бір қадам,
Аталарың туған жердің əр сүйемін қорғаған!
Атаң, əкең жəне сені алып келген бүгінге,
Ұлы Отанның қасиеті – туған Ана тіліңде.
Өмірінде – балалардың, күресінде – атаның,
Соғыс емес, адал термен жаңарады Отаның!
Адам түгіл, қарлығаш та, оралғанда қайтадан,
Бауыр басқан ұясында бақыт жайлы айтады əн!
Ұя деген – үй дегенің, үй дегенің – ошағың,
Ошақ отын – Отан деген ұлы сөзге қосамын!
Ертең сен де енші аласың, көшіресің отауды,
Ұрпағыңа беру үшін өзің құрған отанды.
Ошағымда от ешқашан сөнбесіне – сенемін!
Жауға Отан намысын еш бермесіңе – сенемін!
Ошағымда от ешқашан сөнбесіне – сенемін!
Отаныңды жат табанға бермесіңе – сенемін!
Планета – бірақ Отан, егер адам қорғаса,
Уақытты бір шекаралар шырмағаны болмаса.
Сендер гүлге орайсыңдар адамзаттың тұрағын,
Төгілмесін қорғасындар, тер төгіңдер шырағым.
Біз қорғаған жеңісті алға апарыңдар, шырағым,
Сен қорғасаң, сені қолдар Отаның бар, шырағым.
Шетте елін шерменделер сағынып жүр, шырағым.
Əлпештеген Отаныңның қадірін біл, шырағым.