17.05.2022
  157


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

О, Жер -Ана!

О, Жер -Ана!
Қадірлім,
Қалың қалай?
Қасіреттің көтеріп бәрін де оңай.
Қабағыңды бір шытпай келесің ә,
Бар қайғыңды қайғы деп мойындамай.
Сенен мықты көрмедім мен тірлікте,
Не жетеді сендегі еркіндікке?
Бостандық деп,
Бақыт деп жүріп біздер,
Жаның менен рухыңды өлтірдік пе?
Міз бақпайсың әйтеуір сірі жаның,
Сен болмасаң тірліктің күні жарым.
Егер сенің жағдайың төмендесе,
Мәңгілікке менің де құрығаным.
Аяулы Ана,
Соны тек болды білсең.
Жолды білсем,
Өлмеймін тірі жүрсем.
Сенде ғана тірлігім,
Бар өмірім,
Бүтінім де,
Жартым да,
Жалғызым сен!
Болашақты сезеді жүрек біліп,
Сенде ғана бар арман,
Тілек те, үміт.
Мықтысың деп айта алам сонда ғана,
Табанымды мен саған тіреп тұрып.
О, тірліктің анасы
Бар сендей кім?
Мәңгі өзіңдей адам боп қалсам деймін.
Көтерілсе өзіңнен сәл табаным,
Тірлігінен айырылар антендеймін.
Саған кейде рахмет,
Шүкіршілік,
Мұржамызда тік түтін шығып.
Сенің кейде бағаңды түсінбеппіз.
Соның бәрі пенделік,
Күпіршілік.
Жатқандайсың елемей ештеңені,
Бірақ жүрек бәріне бек сенеді.
Сан ғасырлар шаңыңды тік көтеріп,
Төбеңде ойнап адамдар не істемеді?
Ғұн,
Сақ,
Скиф аталды жиі аттары
Түрік,
Моңғол, қытай мен қият бәрі...
Сенің арқа, жоныңды қанша ғасыр
Былш-былш ұрды атының тұяқтары.
Еркіндікті аңсаған көшпендің де,
Желдей есті жүйрікпен ескердің бе?
Азияңды ақшаға айналдырып,
Өтті өмірден өрттей боп Ескендір де.
Қырғын соғыс,
Шайқас пен ұрысынан
Бүкіл түрік айрылып тынышынан,
Сенің балғын денеңде судай болып,
Шыңғыс ханның қаны тамды қылышынан.
Ұмытпайды батыры,
Ақыны әлі.
Әлі миды осы ойлар қатырады,
Иығыңа түскен бір тыртықтай боп,
Отырардың орны жатыр әне.
Бағындырып кезінде әміріне,
Айналса да кішкентай тәңірге.
Өзің қалдың, Ұлы Ана, ұрпақ үшін
Сол Шыңғыстың қалған жоқ қабірі де.
Адамдағы не істейсің бұл қылықты,
Бұлай және боларын кім біліпті.
Таппасын деп алтын мен сүйегімді,
Мың жылқыны үстінен қудырыпты.
Өзін-өзі біліпті ол табалауды,
Құдай солай жазды ма қаралауды.
Қабір де жоқ,
Алтын да
Байлық та жоқ,
Сүйек те жоқ,
Белгі жоқ,
Дала қалды.





Пікір жазу