17.05.2022
128
Кетеді бәрі...
Кетеді көктем,
Жетеді желдер зырмырап,
Дал-дұл боп ұшып жапырақ біткен бұрқырап,
Астаңы шығып,
Аспанның төсі айрылып,
Ағады бұлттар сай-сүйектері сырқырап.
Азынап ұшып терістікпенен түстіктен,
Жақындап келіп қалар-ау қарлы қыс тіптен.
Қап-қара орман қап-қара шашын жаяды,
Мекенін тастап кетеді безіп құс біткен.
Соғады дауыл,
Бір тыным көрмей аңырап,
Шатырлап сынып,
Шайқалып аспан – шаңырақ.
Ағынын алып қашады асау өзендер,
Шуылдап теңіз,
Толқындар жылап, жамырап.
Көшеді жаз да көзінен ұшып нәрлі үміт,
Осынау алып жерге де жара қалдырып.
Кетеді мүлдем тұрағын тастап нөпір боп
Ақ маралдар мен ақ бөкендер де қаңғырып.
Кетеді бәрі шұбырып сыңсып,
Солқылдап,
Кетеді бәрі жалыны сөніп,
Салқындап,
Қалса адам қалар өзің де өлуді армандап,
Киелі мекен,
Жазира дала –
Алтын бақ.