17.05.2022
136
Алыстау
Көкорайлы жастығым боз кілемін
Жайып жатыр.
Көңілім сезді менің.
Бір қолымды бір қолым қағып енді,
Қарсы шығар өзіме өз жүрегім.
Өршеленген өзен ғой ғұмыр ағып
Әкететін сүйретіп,
Жұлып алып.
Қақ бөлгісі келеді жалғыз басты
Бір үміт пен бір күдік кіріп алып.
Биікте ұшып жүрмісің, арман құсым,
Өлгенбісің,
Жоқ әлде сен бармысың?!
Аяулымның бұрымын ұмыттым мен,
Ерінім де ернінің бал дәмдісін...
Баяғыша құс көңіл самғағандай,
Жан дүниемде өзгеріс болмағандай.
Мен үнсіз-ақ өзгеріп кетіп барам,
Ол да жүр-ау көңілімді аңғара алмай.