17.05.2022
  106


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Арманың бар ма беремін...

– Арманың бар ма беремін,
Айта ғой бірін, – деп едім.
Шалшыққа өскен бір шыбық,
Сәл ғана мұңмен күрсініп.
(Дір етті мүмкін тоңған ба?)
– Сұлулық беріп жондарға,
Басымыз шіркін қосылып,
Айналсақ, – деді орманға.
– Тілегің бар ма беремін,
Айта ғой болса, – деп едім.
Тұнықтау жатқан бір бұлақ,
Жартастан шығып сылдырап.
–Белі үзілмеген белдерге,
Безеріп жатқан шөлдерге.
Жағасы жайлау қоныс боп,
Айналсақ,– деді көлдерге.
–Тілегің бар ма , беремін,
Айта ғой бірін,– деп едім.
Қара тас маған иіліп,
Арманын айтты қиылып.
(Көңіліңде бәлкім мұң бар ма?)
–Басшы боп бүкіл құмдарға,
Бәріміз шіркін жиналып,
Айналсақ,– деді шыңдарға.
Сәл ғана ойлы пішінмен,
Болдым мен бәрін түсінген.
Сендермен мен де тағдырлас,
Екенмін дедім ішімнен.





Пікір жазу