17.05.2022
  122


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Арманда кеткен ақындар

Неге өледі ақындар тым ертерек,
Неге оларды қуады күн ентелеп.
Айтып айтпай қайтеміз,
Қысқа өмірге
Бала құсап кетті олар
Бір еркелеп.
Өлеңменен қуантып жүрген елін,
Мен солардың біразын білген едім,
Көп кішірек болсам да,
Соларменен
Болып едім өзім де бірге менің.
Жарып түскен жарықтай қара түнді,
Мұқағали тым асқақ болатын-ды.
Ақырында арманнан ақын өлді.
Ажалына кім оның ара тұрды.
Өмір, өлім сәт сайын белдеседі,
Адалдардың аз тиді елге себі.
Пенделігі болса егер
Жұмекең де
Ажалынан тым ерте өлмес еді.
Өз өмірін тым ерте там-тұмдаған,
Біледі ел оны да сарқылмаған –
Баласының ағасы
Бар қазақтың
Әнуарбек ақынды жарқылдаған.
Бәзбіреулер енді кеп міңгірлейді,
Болдым дейді,
Ақынмен жүрдім дейді,
Ақырында аһ ұрған ақ көңіл жан
Оспанханның жүрегін кім білмейді...
Солар еді өлеңнің қожасы да,
Солар еді адамның тазасы да.
Осы жырды ашынып арнап жаздым
Арманда өлген ақындар қазасына.





Пікір жазу