17.05.2022
  117


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Әйелдер бар өмірде...

Әйелдер бар өмірде
Ақылды
Әрі қылықты.
Тірілтетін, тегінде,
Өліп жатқан жігітті.
Әйелдер бар әдемі –
Толықсыған толған ай.
Қылығы мен әдебі
Ынтық еткен,
Арман-ай!
Бірі еркін ән-жырдай,
Бірі – сұлу керемет.
Бірі жылы жаңбырдай
Өте шығар себелеп.
Бірі мөлдір аспандай,
Бірі тұнық бұлақтай.
Бірі керім жас талдай,
Бірі нұрлы шуақтай.
Әйелдер бар сан қилы:
Бірі сені арбайды.
Бірі сені аңдиды,
Бірі сені қорғайды.
Сезім қандай жалаңаш,
Сөзім емес кекесін.
Бірі – алау,
Сен – ағаш,
Жанасың да кетесің.
Ескегіңді кең жайып:
Өтсең – жүзіп өтесің:
Бірі – мұхит,
Сен – қайық,
Толқынына кетесің.
Бірі балғын құрақтай,
Өзі басын иеді.
Көбі сені ұнатпай,
Бірі ғана сүйеді.





Пікір жазу