17.05.2022
  104


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Бір ғұмыр бар, қолыңда ол да сенің...

Бір ғұмыр бар, қолыңда ол да сенің,
Саған артам ең ұзақ жолда сенім.
Мен алдандым біреуден,
Алданғаным –
Аңқау едім,
Ол кезде жап-жас едім.
Сен сұрарсың өткенді менен бүгін,
Өзім айтқым келеді сенен бұрын.
Өткен күнім –
Қатем мен өкінішім,
Келер күнім –
Үмітім –
Өлең-жырым.
Әркім өзі қожасы өз арының,
Әркім өзі билейді өз ағынын.
Мен ақынмын, адалмын ел алдында,
Ақындығым – жастығым,
Тазалығым.
Үміттенсең, жаныңның құмарымын,
Күдіктенсең, көңіліңнің тұманымын.
Күнәлінің алдында – періштемін,
Періштенің алдында – күнәлімін.





Пікір жазу