17.05.2022
145
Орманда туған ой
Ойда жоқта болмаса егер жазымы.
Мынау терек ең жас ағаш, тәрізі
Жастығына мастанады теңселіп,
Табиғатқа жоқ айтатын арызы.
Ал мына бір жас қайыңдар сымбатты-ақ,
Орманнан сәл бөлініп тұр сырғақтап.
Шығу барын,
Сыну барын сезбейді,
Жел сөйлесе-ақ,
Жөнеледі бұлғақтап.
Мынау емен бәрінен де байсалды.
Олай-былай өткенімде ой салды.
Талай дауыл жұлып құйқа шаштарын,
Сәл еңкейтіп кеткен екен қайсарды.
Әр ағашта бір-бір, сірә, бар арман,
Жараланып.
Өліп қайта жаралған.
Әрқайсының тағдыры бар өзінше,
Көп тағдырдан құралады қара орман.
Бұлбұлдардың құйқылжыған әніне,
Толып орман,
Толғатып жыр әлі де,
Тұрыңдаршы шуылдасып мәңгілік,
Қорған болып
Жұмыр жердің тәніне