17.05.2022
136
Тоқырауын
Тілемеспін кішіге де үлкенге.
Түспесе екен мұндай халге бір пенде.
Құм ішінде арманыңды айта алмай.
Күрт үзілдің пышақ кескен арқандай.
Жұтып қойып қомағай құм безерген,
Аса алмадың алдыңдағы кезеңнен.
Сендей өзен жоқ дей алам әр елде,
Өзім үшін өзің барсың дәлелге.
Шыныменен бөлек сенің тағдырың,
Сондай ғажап болса менің әр жырым.
Ұрып көзге бар жарқылын, бар нұрын,
Кереметке толар еді сандығым.
Дегенменен, көзі тірі мына біз
Сенің қайсар мінезіңе куәміз.
Ешкімге де тиген емес зияның,
Қалай сені жер астына қиямын?!
Мені тағдыр өзен етсе кішкентай,
Өз көліме тек сен құсап құямын.