17.05.2022
  92


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Аңсау

Далада туып өстім де,
Даланың әнін мақтадым.
Бағынбай өткен ешкімге,
Арынды менің шақтарым.
Ішінде жүрген сағымның,
Сонау бір көздің ұшында.
Бауырдай туған сағындым,
Даланың құйттай құсында.
Артық жоқ одан жалғанда,
Сағынып жүрмін мен енді.
Бұлаққа суға барғанда,
Жас қыздар айтқан өлеңді.
Кеткендей еді келмеске,
Кім біледі мүмкін оралар.
Не солар мәңгі өлместе
Немесе мәңгі жоғалар.
Өтер де әлі талай күн,
Артымда талай күн қалар.
Қалады әнсіз ақ айдын,
Кетеді ұшып тырналар.
Өкпелі емен бүгінде,
Мезгілге сонау мен енді.
Жылыта алмас күнің де,
Тоңазып қалған денемді.
Ерегіскенде ездерге,
Боратқан қыстың ақпанын.
Байсалды тартып өзгерген,
О, менің асау шақтарым.





Пікір жазу