17.05.2022
  146


Автор: Ғалым Жайлыбай

Астана мынау шамдары жасыл-қызылды...

Астана мынау шамдары жасыл-қызылды,
Тербетіп тұрған таңдары ғасырды, бізді.
Жинауға жүрміз алаштың алауыз ұлы
Шашылып кеткен сынығын асылдың iзгi.
Ұйқы ашылғалы не заман,
Жұрт ашынғалы,
Жұрт ашынғалы, көгімнен бұлт ашылмады,
Тап бастыра ма, жоқ, әлде,
Қақбас қыла ма —
Астаң да кестең Уакыттың бұрқасындары.
Өзегімдегі өртімді өмipiм жүндеп,
Өксітсе қалай айтамын,
өр ұлыңмын деп.
Арқаға жауған ақ қардай аяулы-ақ еді
Қалмаса деймін қайраңда көңілім кірлеп.
Тұрамыз біздер Алматы сауық қалада,
Сауық қалада әзірге қауіп бар ма, аға...
...Нашақор Коля түнімен ойранды салып
Маша апай бізді жасырды тауық қораға.
Сағымы сәнді сары бел -өскен тұғырым,
Қимай да қимай қол бұлғап көшкен-тін Ұлың.
Сонарға сайлап жүр едім,
Сұркөжек болмай —
Көкбөрі болса жарады қос бөлтіргім.
Көктөбе жақтың баурайы көкорай белең,
Көкорай белең қырқадан көп арай көрем.
Көктерек күнге қол созар көктемі туса
Өкпелеп жүрме біздерге, өлең-ау, өлең...





Пікір жазу