17.05.2022
  181


Автор: Ғалым Жайлыбай

Қобыз кеудемнің сынық шанағы...

Қобыз кеудемнің сынық шанағы,
Боздайды бүгін ұрып сананы.
Tөзімгe бойым мойынұсынып
Сезімге ойым құрық салады.
Қашып шабытым шатынап қалдым,
Сыбдырын ecтіп ақымақ талдың.
Зәремді алды
Жаңбырды жоқтап
Жылаған даусы жапырақтардың.
Көңілден кейде нұр қылаулады,
Уақыттың түспей қылбұраулары.
Қоңыр кештерде қозғайды мені
Қоңыр қаздардың мұңдылау әні.
Біздің де бастан оза ма жалған,
Тиянақ таппай тоза ма арман?
Бозала таңда боз жусан көрдім
Боз қырау шалып бозара қалған..





Пікір жазу