Қап арқалап бара жатыр қыз бала...
Бақ тілегін сарқып алған, тойын да,
Ақ білегін артып алған мойынға.
Қап арқалап бара жатыр бала қыз
Алматының «Арбатының» бойында.
Kөшeci бұл қайыршының,
мастың да,
Нөпір адам...
Ұқсайды екен тасқынға.
Қайысады, майысады — нәзіктік
Ала тайдай ала қаптың астында.
Көңілдерге көктем сыйлар күй керек,
Кімге айтарсың:— көpiктiгe тиме — деп,
...Көк базарға бара жатыр көркем қыз
Көне күрте,
ecкi eтiгiн сүйрелеп.
Қалтырап гүл...
Қалады ма қырмызы,
Жарқырап бip жанады ма жұлдызы.
Қап арқалап бара жатыр көшеде
Арыс туар алашымның бip қызы.
Ажары да ашық екен ақ таңдай,
Базарына жетсе деймін қақталмай.
Аузын буған қытай қаптың ішінде
Тағдырының бар салмағы жатқандай.
Мұқым қайғы,
Таяз бақыт.
Күз.
Қала.
Сықырлайды аяз-уақыт сыздана.
Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетем деп,
Қап арқалап бара жатыр қыз бала.