17.05.2022
  156


Автор: Ғалым Жайлыбай

Алматы

Жазылмаған жыр ма екен,
Шертілмеген сыр ма екен?
Көктөбенің етегі
Көктем көшкен бір мекен.
Алмасы да азайып,
Арнасы да азайып
Қайран шаһар ғажайып,
Сәл мұңайып тұр ма екен?
Шабыт болып шарықтап,
Бақты құшқан— Алматы.
Жеті өзеннен қалықтап
Аққу ұшқан— Алматы.
Желтоқсанның жанылған
Қайрағындай— Алматы.
Азаттықтың сағынған
Байрағындай Алматы.
Арайларың өпкенде,
Көгеретін көктембіз.
Көктөбедей көк белге
Өлең іздеп жеткенбіз
Өмір іздеп жеткенбіз.
Сайрағасын ұмтылдым
Таңда құсым— Алматы.
Қазақ деген жұртымның
Арманысың Алматы.
Тұндыратын тұмамды,
Тұнығымсың— Алматы.
Мұнар, мұнар мұнарлы
Ғұмырымсың— Алматы
Ақын болып фәниге,
Кірдік кеше— Алматы.
Өлең атты сәбиге
Кіндік шеше— Алматы.





Пікір жазу