17.05.2022
107
![](/uploads/shorttexts/author_image/45c48cce2e2d7fbdea1afc51c7c6ad26.jpg)
Қара нөсер, қараша
Тегене-көктің тесілді түбі,
Қап-қара нөсер құйылды.
Есілдің сонда есілді күні
Қараша айында биылғы.
Көңілім көкпен жарасасың ба,
Тағдырым едің,
Таң,
Арай...
Қарайлайтындай қарашасына
Қарашадағы қарағай.
Жүректі түртіп оятты-ау мұңым,
Жабыға қалған жайым бар.
Сан ағаштардан саяқтау бүгін
Жалаңаштанған қайыңдар.
Керім кезімнен келемін қайтып,
Күзеуге көшкен жұрт едік.
Өліара шақтың өлеңін айтып,
Қап-қара нөсер тұр төгіп.
Төбеңнен нұр боп төгілген үнім,
Ей,
Арғымақ ердің баласы.
Өмір де бүгін,
Көңіл де бүгін
Қыс пенен күздің арасы...