Қытайдан келген киіз үй
— Жаратқан алла-ау, қытайы несі?
Киіз үй кепті Қытайдан.
— Үлкендеу ел ғой ұпай, үлесі...
Санамда менің жұт,
ойран.
Сауал тастайды кенеттен көкем:
Жанымды жегі кемірген.
— Туырлықтары кенептен екен —
керегелері темірден...
— Заманның бұл бір сұмдығы ма екен,
Көзіміз талай көрген ғой...
— Шаңырағының түндігі бөтен
Кіндігі бөтен елден ғой.
Киізсіз киіз үй көріп тұрмыз,
Уақыттың өкпек
суығы.
Көршіден өнер үйреніп тұрмыз
Желбауы басқа...
Уығы.
Көңілім кейде өсіп
толатын,
Даланы кезсем,
Жаны әсем.
Жайлауы тозса көшіп қонатын —
Жылқылы ауылдың баласы ем.
Киіз бен ағаш сүйегі, дені,
Сөзіме кім бар таласар?..
Киіз үй — біздің киеміз еді
Қазаққа ғана жарасар.
Жүрегімдегі жосиды ма елік,
Жалт ете қалып жанары.
Қытайдан келген осы үйді көріп
Көңілім босап барады.