16.05.2022
  121


Автор: Ғалым Жайлыбай

Көңілімнің қаз ұшты түстігінен...

Көңілімнің қаз ұшты түстігінен,
Күй күмбірін естідім құс тілінен.
Қанатына сол қаздың жарық байлап
Жұлдыздар да төменге түсті білем
Тұтанғанда өзектің өртінен жыр,
Сезімдердің қос ішегін шертіп ем бір.
Сағынышты сарғайтты сағымға орап
Қоңыр қаздың әніне елтіген қыр.
Тазартқанда жүректі тамшы-жалған,
Арналарын арымның аршып алғам.
Абаттанып жанымның жазирасы
Қанат қағып ұшатын қаршыға-арман.
Ей, жүрегім жиілеу сызданасың,
Мұң кешемін
Айдыным мұздағасын.
қанаттының бәрін де сүйдім
сосын...
сол ауылдың нәзіктеу қыз баласын.
Шашыраған шалғынға күлкі есімде,
Белден асып қайтуға үркесің бе?
Бір құмары қалған-ды бала ақынның
Жылқылары жусаған қыр төсінде.
Байтағыма байланған бақ-талабым,
Қаршығамның қанатын қаққан ағын.
Бір шоқ гүлін ұсынып жүрегімнің
Үркек қыздың үмітін ақтамадым.
Жетегінде ілесіп жегі күннің,
Айналайын айнам-ай,
нені білдің?...
Өзектегі өлеңі өмірімнің –
Түстігінен қаз ұшты көңілімнің...





Пікір жазу