Күзеудегі қараша үй
Күндердің жалын күзер ме,
Ұстара – уақыт жалтырап.
Қараша үй қонды күзеуге
Қараша күні қалтырап.
Торықса жусан,
тобылғы,
Қараша келіп тоңған күз.
– Өтпелі – дейді, өмірді
Күзеуге қонған сол жалғыз.
Қоңыр күй кернеп жер-көкті,
күмбірін дала тыңдады.
Қайран жаз – қош – деп
ол кетті
Қаздардың қанатындағы.
Жанымның отын жандырдың,
Жолаққа орап ымыртты ақ.
Шық шайған шашын шалғынның
Балқаймақ күнді түн ұрттап.
Күтеді күзеу қысты алдан,
Жүректің жүдеу күркесі.
Ғұмыр дегенің қысқарған –
Балауыз шамның білтесі.
Шаңырақты ұстар құдырет,
Қараша үйдің уығы.
Сен соны түсін,
бір рет –
күзеудің қара суығы.
Өкпесі өкпек,
кереге –
Желбауы желмен қаңғыдың.
Қаңтар кеп шешіп бере ме
Қараша үйдің тағдырын.
Мәңгілік әнін салғыздың,
Тұнжырап түнде тұлдыр Ай,
Күзеуге қонған жалғыздың
Жары да болған бір Құдай...