Ай нұрына шомылған ақ шағала...
Қанаттылар қанатын қақса дара,
Байтағыңнан басқасын бақ санама!
Ақдариға Арқаның алқабында
Ай нұрына шомылған ақ шағала.
Көшім келіп көрікті зер қалаға,
Есіл болып есілдім ен далада.
Астананың әз жұртын айналайын
Ақ тілегі Алаштың сенде ғана!
Сұрағаным қабыл боп көктен,
Жерден,
Көгердім де көрістім көктемдермен.
Көк туымды көгіме тік көтерді
Ғасырлардың қойнынан жеткен керуен.
Сарыарқаның сырнайлы сыр даласы,
Аққу текті Алаштың жүр баласы.
Қараөткелге қараорман ел қондырған
Ай қаласы– Астана,
Күн қаласы.
Жусанының жұпарын жастана жүр,
Жібектей қыз,
ақ жейде ақсамал ұл!
Шырайымның шырағы осы шаһар
Арманыма ар болған Астана бұл.
Арай төгіп тұрғанда төбеде Күн,
Желмаяны жер осы шөгеретін.
Көктемдерге көшімді түзегенде
Керуенбасы секілді кереметім.
Гүлзарының аялап бір көшетін,
Гүл кешетін қала бұл
нұр кешетін.
Сен алыпсың аспанға иық тіреп
Баласымен қазақтың бірге өсетін.
Сарыарқаның сағымы,
Самалдары,
Жарасады жаным-ай,
Саған бәрі...
Ай Астана – Алаштың ақ арманы
Жарығымсың, сен менің жанардағы!