16.05.2022
159
Салып жүр ұя қос торғай...
Салып жүр ұя қос торғай,
Ешкімнен үркіп жасқанбай.
Мамық пен шөпшек тасиды,
Әндетер ауыз бос болмай.
Бітіріп болды ұяны,
Биіктен шолып қияны.
Шырқатты дейсің аспанда,
Жарасып қосақ күй-әні.
Екеуі қатар ұшады,
Кең дейді аспан құшағы.
Осы бір үнде қуанған
Бақыттың барлық нышаны.
Ұшуға биік сай қанат,
Еңбегін жүрді тойлап-ақ.
Әндетіп салған ұяны
Күн нұры тұрды аймалап.
Қос торғай ұя салады,
Мамық та, шөп те табады.
Ойнамай көкте найзағай,
Соқпағай тундра бораны.