16.05.2022
  209


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Домбыра

Қара шаш қазақ әйелі
Ән салды менің үйімде.
Өзі мұңды, ал енді
Жанары отты күйінде.
Сайрайды үндес домбыра,
Шанағы толы сыршылдық.
Әйелдің нәзік қолында
Бір шалқып, бірде күрсініп.
Көзінен әйел көресің
Тұрғанын арман таусылмай.
Домбыра мүсін денесін
Билеп бір діріл даусындай.
Әншінің жүзін көргенде
Түнгі оттар тұрды тамсанып.
Кірпіштен салған бөлмеде
Жатқандай дала ән салып.
Жүзінде жаңа Ай туғандай
Кереді кербез қабағын.
Москва тыңдап тұрғандай
Тынысын дархан Даланың.
Көңілдің тасып арнасы,
Жүректер сырға толды да.
Ауғанша түннің ортасы
Күмбірлеп тұрды домбыра.
Әнмен ол таңды атырды,
Тыңдадық біз де әдейі.
Бұлбұлша сайрап отырды
Бақытты қазақ әйелі.
Ұмытып әннен басқаны,
Әуенге елтіп нұр құштық.
Әлемнің мөлдір аспанын
Күзетіп тұрды тыныштық.





Пікір жазу