16.05.2022
  153


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Түс

Түсімде жабырқап тұр екем
Жанында ескі бір мешіттің.
Қай ғасыр, әлде қай жыл екен,
Бұл жайлы мен қашан есіттім?
Жүйріктер түскен бір саудаға
Шуы мол базардың шетінде.
Үреймен айнала таңдана
Қолымды басамын бетіме.
Хабарын айтшы деп жалынам
Мейірімсіз мелшиген Аллаға.
Айрылып арғымақ жалынан,
Мертігіп қалды ол қай далада?
Ол қалай құлайды атынан,
Өзгеден еді ғой айлалы?!
Ал менің басымды қапыда
Еріксіз басқаға байлады.
Мен үшін төлемге қырық қой
Айдап кеп тұр біреу қақпаға.
Ал менің кеудемде күдікті ой,
Қанжарға қол созып жатқанда...
Жалындым өзіңе «Аллам» деп,
Естідің. Құтқардың. Арман жоқ.
Кім еді бұл өзі, қай мезгіл?
Сәл тоқта!
Ол күндер әлі ұмыт болған жоқ..





Пікір жазу