16.05.2022
  150


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Білгіш көкек...

Білгіш көкек,
Айтшы маған,
Рас дейді таңдағы үн.
Бақытыма жолығуға
Қанша жылдың қалғанын.
Қанша қалды арманыма
Жолығатын күндерге?
Айтшы бәрін, жақын қалды
Деп қуанып жүргенде.
Ақ сағымдай үміт деген,
Тек жеткізбей,
Алдайды.
Мен бақытқа күдіктенем,
Қолға өзі кеп қонбайды.
Сонда маған дана көкек
Былай дейтін тәрізді:
«Шын бақытты күту – бақыт,
Күткен өмір маңызды.
Сүйіп өмір сүргендердің,
Сенгендердің жаны ізгі».
Бақыт деген – менің үшін
Жастық шақтың жылдары.
Көңілдетіп орман ішін
Көкек шырқап тұрғаны..





Пікір жазу