16.05.2022
177
Балапаным, кішкене балақайым...
Балапаным, кішкене балақайым,
Ауырып қалдың, болды-ау бір жазатайым.
Күлімдеші, мұз конфет әкелейін,
Көк шымшықты әйнектен қаратайын.
Алақанға маңдайың құлар демен,
Жанарыңда толып тұр сұрау неден?
Айта алмаған сөздерден үрей үдеп,
Жүрек мұңды, дірілдеп тұр-ау денем.
Берейін бе шәй жасап бүлдіргеннен?
Емдейін бе балгердей, білгірлердей?
Жастығыңды қалайша қоярымды
Асып-сасып әлі де жүрмін білмей.
Сәл дамылда, қолымды тигіз менің,
Неткен бақыт бетіңнен сүйгізгенің?!
Сәл сауықсаң, мен сені сергітуге
Сәнді көйлек әкеліп кигіземін.
Кереуетің күзетіп келем бастан,
Тып-тыныш боп тұрса да төбемде аспан.
Сен ауырсаң, сорлымын, мүсәпірмін,
Бақытты жоқ сен сауда менен асқан.