16.05.2022
  161


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сартоғайдағы ән

Домбыраң жүрек жылытқан
Бастайды әуен басқа әнмен.
Қайықта қыздар қыдыртқан
Алыстап кетті-ау жас дәурен.
Ұқсаған түнгі толқынға
Бұйра шаш жаппай маңдайды.
Сергіп ап кешкі салқынға,
Жібітіп шаймен таңдайды.
Алдамшы жүйрік көңіл-ай,
Көктемге балап күз күнін.
Тартқызбай жүрген өмір-ай
Көк дөнен көңіл тізгінін.
Көтеріп жүкті мойымай,
Тірлік пен күрес қатар деп.
Әзірге басы мойыннан
Бөлінбей жүрген Махамбет.
Ән көмей нәзік жарыңмен
Таңдайды бөлген жарты құрт.
Тұз көзір күтсең барыңмен,
Алдайды келіп алтылық.
Төс ашып желдің өтіне,
Дос аңсап жүрген сапардан.
Даладай дархан көкірек
Қалдырмас ерді қатардан.
Қалмаған кімнен тас жолдар,
Кең дала кешкі сағымдай.
Ой-қырлар, шыққан асқарлар
Қамшының қысқа сабындай.
Құлаққа алыс ән келді,
Поезда кеткен қалқадай.
Қимас бір қызық дәуренді
Түсірді еске Сартоғай.





Пікір жазу