Базарбай Жұманиязовқа
Қалайсыз, аға, көзіңнен сезем барын мұң,
Шыдамды халден мінезін көрем
Нарынның.
Алматыдайын төрінде тұрып қазақтың,
Өзіңнің, бәлкім, туған жеріңді сағындың.
Сағынып келсең Жайықтың жұпар гүлін ал,
Ән толы күмбір кеудеңді солар ұғынар.
Жеті жасыңда жүгірген құмға жібермей,
Аяққа жетпіс тұсаудай түскен түрі бар.
Жылдарды қуып жүрегің бәлкім алқынған,
Сол жалын шақтан қалды ма енді
салқын қан.
Суретін көріп арманың болған сұлу қыз,
Айныған жоқ па баяғы іңкәр қалпынан?!
Сүйеп жүр, бәлкім, сол сұлу Сізді аңсатқан,
Ауру емес, қу тірлік шығар шаршатқан.
Айналып жатыр Ақ Жайық ұлдан талантты,
Кантаталар мен опера жазған саусақтан.
Қатыгез тірлік аямас қалса құр сүлдең,
Оясыз жанды адамдар әр кез мұңсыз дер.
Шаршатқан Сізді ән сүйген жүрек сезімтал,
Одан соң мына өмірде жүрген күншілдер.
Күндемей қайтсін, кеудеңіз толған ғажап үн,
Еститін даусың бұлбұлдың және азаның.
Сіз бен біз түгіл, Махамбет сынды асылдың
Басын да кескен өзіңнің осы қазағың.
Мұңдылау тұрмын алдыңда бүгін, кеш, Аға,
Өз жүрегім мен жырымнан ғана өш ала.
Таланттар менен өжеттер туған бұл қазақ
Жағымпаздар мен сатқындар туса не шара?!
Алатау жақтан келсеңіз аңсап ауыл деп,
Қарсы алып тұрмыз ағайын ел боп,
қауым боп.
Таситын Жайық жоғалтты қазір мінезін,
Көз жасы кейде тамады көктен жауын боп.
Сағынып келсең Ордаға, бәлкім, барасың,
Көресің, Аға, оның да тозған даласын.
Қырық жыл бойы полигон жасап таптаған,
Көшіріп көмдік Дәулеткерейдің моласын.
Еркін ел болдық, жаңа аттар қойдық
көшеге,
Талантты жандар рухы, сірә, өше ме?!
Бұл күнде әні модадан қалған Мұхиттың
Басына қойдық ақ шаңқан биік кесене.
Тіріде күндеп, жиналып жылап көмгесін,
Талантты, сірә, аяққа таптау елге сын.
Сырымдай батыр үш ғасыр жатыр белгісіз,
Білгенім қазақ жоқтайды әбден өлгесін.
Сондықтан, Аға, елде жоқ әлі еш белгің,
Демессіз бізге еңбегім барын кеш көрдің.
Сазды әуен толы жүрегіңізді тербеткен,
Бесігің қалған Туған жеріңе қош келдің!