16.05.2022
  480


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қызыма хат

Менің далам әлі күй өңделмеген,
Белесі көп әлі оның сен көрмеген.
Жиналмаған тастары текшеленіп,
Тауларына өзге тау тең келмеген.
Тарихы мен тағдырдан сан жылаған
Дала менің секілді жалғыз Анам.
Теңдесі жоқ байлық боп бабалардан
Осы дала еншіге қалды маған.
Теңізі мен шулаған шағалалар,
Кеңдігімен өзгеден дараланар.
Құлыншағым, менен де байлық емес,
Өздеріңе еншіге Дала қалар.
Өзге елдің жұмағы аулақта бар,
Көздің жауын алатын бау-бақ болар.
Шет ел қызық.
Абайла!
Туған жерде
Қолтығыңнан демейтін аруақ қалар.
Ата-тегің осында жаралғандар,
Туған жерде пәк тілек, ақ арман бар.
Азып-тозып осында қолы жетпей
Жүрген жоқ па мыңдаған оралмандар?
Тегің осы Ана мен Ата көрген,
Жолығады бір бақыт баталы ерге.
Отан деген от-жалын сезіміңді
Алданышқа аз күндік сата көрме.
Жылтылдаған сан жүзік қолыңдағы –
Жақұты мен шет елдің лағылдары.
Кеуде керіп бір жұтқан өз Далаңның
Ауасынан садаға соның бәрі.





Пікір жазу