16.05.2022
140
Той
Бай бастық басқа қалада тұрды,
Шақырды сыйлап тойына.
Бұздым мен сонда
адал антымды,
Бұзу жоқ еді ойымда.
Ұзатты ол қызын
бай жерге күзде,
Күйеуге заң ғой
қыз кету.
Мода боп тұрған сол жылдар бізде
Ақын мен әнші іздету.
Дөкейді күттік той бастау үшін,
Батасын емес атаның.
Қара көз жігіт ақша алу үшін
Басқа ұлттың айтты мақамын.
Көрдім мен тойдан екі жүздерді,
Сөздері түгел жаттанды.
Кейбір қонақтар кетіп үлгерді,
Көріндік қой деп аттанды.
Ақын еместер кенелтті жырға,
Шетінен ода жазыпты.
Жағымпаз туған заманға мына
Жас қыз емес-ті жазықты.
Бұзылған уақыт жұтамын демін,
Жүректе зілдей қорғасын.
Тілеймін қызға құтты орын дедім,
Шарам жоқ ана болғасын.