16.05.2022
260
Жастық шақ
Күн нұрын жұтқан
Айнала бейне от сарай,
Қызулы албырт шақтар-ай.
Жүректе ыстық сезімді
Салқындата алмас Қапшағай,
Жастық-ай біздің,
Бүгінгі қайран жастар-ай!
Қыздарын кеште шығарып үйге,
Жанарларына қараған,
Шәмші боп бәрі салады ән.
Шын сүйсе құлап,
Жек көрсе ашық айтатын
Қайран да біздің жігіттер,
Маңдайын ашып,
Шалқадан шашын тараған.
Зулаған уақыт,
Зырлаған уақыт,
Жаңалық келді далама.
Қосетек көйлек сахналарда қалады, ә?
Ыңғайсыз болды, кеше мен
«Қызым-ай», – деппін
Бұрымын өрген балаға...
Күзетші шам тұр,
Аулада бұрын ит үрген.
Алмасып кетіп жүрмес пе екен
Күн түнмен.
Басқа бір тірлік, басқа бір құрлық
Келе жатқандай сезінем,
Жастық шақ, сенің кейпіңнен...